Халықтық штаб: АЭС – инновациялар мен технологиялық прогреске бет түзеу

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өңірлерге сапарын аяқтады. Елордада штаб мүшелері IT-сала өкілдерімен, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерімен, жас ғалымдармен және студенттермен кездесулер өткізді.
Осылайша, Astana Hub алаңында штаб мүшелері IT-сала өкілдерімен экономиканың цифрлық салалары үшін бейбіт атом туғызатын мүмкіндіктер мен перспективаларды талқылады. Тұрақты электрмен жабдықтау болмаса, отандық суперкомпьютер құру, деректерді өңдеу мен сақтаудың жаңа орталықтарын ашу, еліміздің барлық елді мекенін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету сияқты жобаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Штаб мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға дейін IT-компанияларда кемінде 150 мың жұмыс орнын ашу міндетін қойғанын еске салды.
«Инвесторлар өнеркәсіпте, қызмет көрсету саласында, IT-де жаңа кәсіпорындар құруға дайын. Алайда егер біз олар үшін жер учаскелерін, адам ресурстарын ұсынып, инженерлік желілерді тарта алғанымызбен, тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ете алмаймыз. Себебі, ең жоғары жүктемелер кезінде біз жыл сайын шетелден 100 млрд теңгеге электр энергиясын сатып аламыз», — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы басшысының орынбасары Павел Казанцев.
Ол қазіргі уақытта электр энергиясының тапшылығы еліміздің оңтүстік өңірлерінде барынша айқын сезілетінін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оған 3,1 млрд кВт/сағат электр энергиясы жұмсалған. Мысалы, орта есеппен, 100 мың тұрғыны бар бір қала 700 млн кВт/сағат көлеміндегі электр энергиясын тұтынады. Бұл – тек үй шаруашылықтарының қажеттіліктерін ескере отырып жасалған есеп.