Вторник, 6 мая

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ БОЛДЫ

0
16
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістан қаласында жаңадан шаңырақ көтерген Достық үйінде болып,оның жұмысымен танысты.

Ел Президентініің арнайы тапсырмасымен салынған кешенде Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ өңірдегі он бір этномәдени бірлестіктердің өкілдіктері орналасқан.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ғимаратты аралап көріп, жергілікті зиялы қауыммен және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесу өткізіп, олармен әңгімелесті.

«Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын, Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер. Түркістан облысында 50 ұлт өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес, болмайды да. Біз — бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бастысы осы. Сондықтан ынтымағы жарасқан қоғамның іргесін әлі де бекіте түсеміз» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев киелі Түркістанның әлемі де көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударды. Бұл ретте ол шындығында, Түркістанға, облыс мәртебесін берген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтуіміз керек деді.

Осы кездесуде облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркістанның облысқа айналған сәтінен бері орын алған оң нәтижелі өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғысын білдірді.

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
«Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі

Leave a reply