Вторник, 6 мая

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0
15
Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайы» ғимаратында «Ұстазыма мың алғыс» салтанатты іс-шарасы өтті. «Ұстаздар күні» мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы және қалалық мәслихат төрағасы Ғ.Сарсенбаев арнайы қатысты.
Мерекелік шараның шымылдығы №11 Жамбыл Жабаев мектебі хор ұжымының орындауындағы «Ұстазым» әнімен түрілді.
Қала әкімі ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Елдің дамуы жолында мұғалімдердің алатын орнын ерекше атап өтіп, білім саласындағы жетістіктермен бөлісті.
Түркістан қаласының білім саласында қажырлы еңбек етіп, үздік шәкірттер тәрбиелеген бірқатар ұстаз бен еңбек ардагерлерін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының «Құрмет грамотасымен», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «Білім беру ісінің үздігі» және Алғыс хаттармен марапаттап, арнайы сыйлықтар табыстады.
Жиын барысында Түркістан қаласы мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова құттықтауларын жеткізіп, 20 ұстазға төсбелгі тақты.
Іс-шара соңында Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұралған бишілер көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, облыс орталығында жалпы, 5181 мұғалім білім беруде. Ұстаздар облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадаларда жүлдегер атанып, түркістандық әріптестерінің мақтанышына айналды. Оқушылардың жетістіктері де артып, Түркістан білім бәйгелерінде республикалық, облыстық, қала және аудандар арасында алғашқы қатардан көрініп келеді. Бұл – білікті де білімді, тәжірибелі ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Балалардың сапалы білім алуына мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылып жатыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістанда заманауи үлгіде 8 мектеп салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 3 жайлы мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл мектептерді жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.

Leave a reply