Вторник, 6 мая

ӨЗБЕК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ МЕРЕКЕСІ

0
13
Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи кесенесінің жанында орналасқан этноауылда Қазақстан халқының тілдер күніне орай Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі ұйымдастырған «Өзбек этнос өкілдерінің тілі, мәдениеті және дәстүрлері» мерекелік іс-шарасы өткізілді.

ҚХА мен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Достық» атты қауымдастығы мен Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі серіктес болған бұл мәдени іс-шарада өзбек халқының ұлттық тағамдары мен қолөнер шеберлері жасаған бұйымдарының көрмесі ашық аспан астында жұмыс істесе,өнер шеберлері арнайы сахнада қалың көпшіліктің назарына өздері дайындаған концерттік бағдарламасын ұсынды.

Аталған мерекелік іс-шараға ҚХА Төраға орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Өзбекстан Республикасының біздің елдегі Төтенше және өкілетті елшісі Бахтиер Ибрагимов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Қыдырәлі Дархан, Алишер Сатвалдиев, Амангелді Ғабділкәрімұлы, Геннадий Шиповских пен Ғалиасқар Төлендіұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары және мүшелері қатысты.

Көпшілік алдында құттықтау сөз сөйлеген ҚХА Төраға орынбасары Марат Әзілханов, Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бахтиер Ибрагимов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және ҚР Парламенті Сенатының депутаттары және басқалар еліміздің берекелі бірлігі мен ынтымағын нығайтудың маңыздылығына кеңінен тоқталды.

Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі барша этностардың тілі мен мәдениетінің сақталуына толық жағдай жасалғанына ризашылығын білдіріп, мұндағы игі бастамалар жалпы түркі әлемінің бірлігі мен татулығы үшін маңызды екенін ерекше атап өтті.

Мерекелік жиын барысында Түркістан облысының саяси- қоғамдық өміріне белсене қатысып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясаттың іске асуына қосқан елеулі үлестері үшін бірқатар белсенді азаматтарға марапаттар тапсырылды.

Елді бірлік пен ынтымаққа шақырған осы мерекелік іс-шара кезінде мәдениет саласының көпке танымал өнерпаздары гала концерт берді.

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
«Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі

Leave a reply